КӨЛІК ҚҰРАЛДАРЫН ПАЙДАЛАНУҒА РҰҚСАТ БЕРУ ЖӨНІНДЕГІ НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕР

0
2034

1. Жол жүрісі қауіпсіздігіне және қоршаған ортаны қорғауға қатысты бөлікте жол жүрісіне қатысушы көлік құралдарының техникалық жай-күйі мен жабдығы оларды техникалық пайдалану жөніндегі тиісті техникалық регламенттердің, стандарттардың, қағидалар мен нұсқаулардың талаптарына сай келуге тиіс.


2. Механикалық көлік құралдары мен тіркемелер «Транзит» тіркеу белгісінің қолданылу мерзімі ішінде не сатып алған немесе кедендік декларацияланған сәттен бастап 10 тәуліктен кешіктірілмей ішкі істер органдарында тіркелуі тиіс.


3. Механикалық көлік құралдарында (трамвайлар мен троллейбустардан басқа) және тіркемелерде көзделген орындарда мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілері ҚР СТ 986 стандартына сәйкес орнатылуы тиіс.

Тіркеу белгілерінің цифрлары мен әріптері жүк автомобильдерінің, тіркемелердің (жеңіл автомобильдер мен мотоциклдердің тіркемелерінен басқа) және автобустардың шанақтарының артқы жақтауында қайталануы тиіс. Цифрлардың биіктігі – кемінде үш жүз миллиметр, ені кемінде бір жүз жиырма миллиметр, штрихтың қалыңдығы – отыз миллиметр, әріптердің мөлшері – сандардың мөлшерінің 2/3.

Трамвайлар мен троллейбустарға тиісті ведомстволар беретін тіркеу нөмірлері жазылады.


4. Көлік құралдарын пайдалануға тыйым салатын ақаулар орын алып, жол-көлік оқиғасы болған жағдайда, көлік құралы міндетті техникалық қарап тексеруден қайталап өтеді.

Ескертпе. Көлік құралдарын пайдалануға тыйым салатын ақаулар орын алып, жол-көлік оқиғасы болған жағдайда ішкі істер органдарының оған уәкілетті лауазымды адамдары көлік құралын міндетті техникалық қарап тексеруден қайталап өтуге жібереді.

Механикалық көлік құралының міндетті техникалық қарап тексеруден өтуі фактісі механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерін міндетті техникалық қарап тексерудің бірыңғай ақпараттық жүйесіндегі мәліметтерді сұрату арқылы жүзеге асырылады.


5. Жолаушыларды тасымалдау үшін пайдаланылатын борттық платформасы бар жүк автомобилі еденінен отыз – елу сантиметр және борттың жоғарғы жиегінен кемінде отыз сантиметр биіктікте бекітілген орындықтармен жабдықталады, ал балаларды тасымалдау кезінде, сонымен қатар борттың биіктігі еденнің деңгейінен кемінде сексен сантиметр болады.

Артқы немесе қапталдағы борттардың бойында орналастырылған орындықтардың берік арқалықтары болады.

5-тармаққа өзгеріс енгізілді-ҚР Үкіметінің 23.06.15 № 472 қаулысымен.


6. Жүргізуге оқыту үшін пайдаланылатын және оқу ұйымына тиесілі механикалық көлік құралы қосымша ажыратуыш жетегі және тежеуіш педальдарымен, «Оқу көлік құралы» таным белгісімен жабдықталуы тиіс, осындай көлік құралдарының бүйір және артқы жақтарына мемлекеттік тілде «Оқу көлік құралы» деген жазу жазылады.


7. Велосипедте ақаусыз тежеуіш, руль және дыбыстық белгі болуы тиіс, алдынан жарық шағылыстырғышпен және фонарьмен немесе ақ түсті фарамен (тәуліктің қараңғы уақытында және көрінуі жеткіліксіз жағдайларда жүру үшін), артынан – жарықты қайтарушымен немесе қызыл түсті фонарьмен, ал әрбір бүйір жағынан – қызғылт сары немесе қызыл түсті жарық шағылыстырғышпен жабдықталады.


8. Көлік-арбада конструкциясында көзделген ақаусыз тұрақ тежеуіш құрылғысы мен сырғанап кетуге қарсы тіреуіш болуы, алдынан екі жарық шағылыстырғышпен немесе ақ түсті фонарьмен (тәуліктің қараңғы уақытында және көрінуі жеткіліксіз жағдайларда жүру үшін), артынан – екі жарық шағылыстырғышпен немесе қызыл түсті фонарьмен жабдықталуы тиіс.


9. Көлік құралдарында таным белгілері орнатылады:

Таным және өзге белгілер

«Автопойыз»

аралары бір жүз елуден үш жүз миллиметрге дейін аралықта кабинаның төбесінде көлденең орналасқан қызғылт сары түсті үш фонарь түрінде – тіркемесі бар жүк автомобильдері мен дөңгелекті тракторларға (1, 4 сыныбы және одан жоғары) арналған, сондай-ақ біріктірілген автобустар мен троллейбустарға арналған. Автопойызда ішкі жарықтандыру үшін құрылғысы бар сары түсті тең жақты үшбұрыш түріндегі (жақтары – екі жүз елу миллиметр) таным белгілерін қолдануға жол беріледі;

«Бұдырлар» (жүргізушінің қалауы бойынша)

қызыл түсті жиегі бар, ұшы жоғары қараған, ішіне қара түсті «Ш» әрпі жазылған ақ түсті жақтары тең үшбұрыш (үшбұрыштың жақтары кемінде екі жүз миллиметр, жиектің ені – жақтың 10/1) түрінде бұдырланған шиналары бар механикалық көлік құралдарының артында;

«Балаларды тасымалдау»

қызыл түсті жиегі бар, 1.21. жол белгісінің символы қара бояумен салынған сары түсті квадрат (жақтары кемінде екі жүз миллиметр, жиектің ені – жақтың 10/1) түрінде – балалар топтарын тасымалдау кезінде автобустардың немесе жүк автомобильдерінің алдынан және артынан;

«Саңырау жүргізуші»

ішіне ұшы төменге қаратылған жорамалданған тең жақты үшбұрыштың бұрыштарында орналасқан диаметрі қырық миллиметр үш қара шеңбер жүргізілген жүз алпыс миллиметр диаметрлі сары шеңбер түрінде – мылқау-саңырау немесе саңырау жүргізушілер басқаратын механикалық құралдарының алдынан және артынан;

«Оқу көлік құралы»

ішіне онда қара түсті «У» әрпі жазылған, қызыл түсті жиегі бар, ұшы жоғары қаратылған ақ түсті тең жақты үшбұрыш (жақтары – кемінде екі жүз миллиметр, жиегінің ені жақтың 1/10) түрінде – жүргізуге оқыту үшін пайдаланылатын механикалық көлік құралдарының алдынан және артынан (жеңіл автомобильдің төбесіне екіжақты белгі орнатуға жол беріледі);

«Жылдамдықты шектеу»

рұқсат етілген жылдамдық көрсетіліп, 3.24 жол белгісінің кішірейтілген түрлі түсті суреті (белгінің диаметрі – кемінде жүз алпыс миллиметр, жиегінің ені – диаметрдің 10/1) түрінде – ауыр салмақты және ірі габаритті жүктерді таситын механикалық көлік құралдарында шанақтың артқы сол жағына, сондай-ақ техникалық сипаттамасы бойынша көлік құралының ең жоғары жылдамдығы Қағидалардың 10.3-тармағында айқындалғаннан төмен жағдайларда.

«Қауіпті жүк»

ҚР СТ МемСТ Р 41.104 талаптарына сәйкес келетін, жарық қайтарғыш беті бар, көлемі 690×300 мм тікбұрыш түрінде, оның оң бөлігі 400×300 ММ өлшемімен қызғылт сары түске боялған, ал сол жағы – қара түсті жиекпен (ені – он бес миллиметр) және жүктің қауіпті қасиеттерін сипаттайтын белгілермен (МемСТ 19433 бойынша) – осындай жүктерді тасымалдайтын көлік құралдарының алдында және артында;

«Ірі көлемді жүк»

ҚР СТ МемСТ Р 51253 және ҚР СТ МемСТ Р 41.104 талаптарына сәйкес келетін, жарық қайтарғыш беті бар, ені елу миллиметр кезектесетін қызыл және ақ жолақтармен диагональ бойынша жағылған, көлемі 400×400 мм қалқан түрінде – ірі көлемді жүктің алдында, артында және бүйірінде;

«Ұзын өлшемді көлік құралы»

ұзындығы (бір тіркемені қоса алғанда) жүгімен немесе жүксіз көлік құралдарының артында – қызыл түсті жиегі бар (ені – қырық миллиметр) сары түсті кемінде 1200×200 мм тікбұрыш және екі және одан да көп тіркемесі бар автопоездар түрінде. Көрсетілген мөлшердегі белгіні орналастыру мүмкін болмаған кезде көлік құралының осіне симметриялы түрде көлемі кемінде 600×200 мм екі бірдей белгіні орнатуға жол беріледі;

«Мүгедек»

бір жағы жүз елу миллиметр сары түсті шаршы түрінде және қара түсті 7.17 жол белгісінің рәмізі бейнеленген – I және II топтағы мүгедектер басқаратын немесе осындай мүгедектерді тасымалдайтын механикалық көлік құралдарының алдында және артында.

«Дәрігер» (жүргізушінің қалауы бойынша)

дәрігер басқаратын автомобильдің алдында және артында, Қызыл крест (биіктігі – тоқсан миллиметр, штрихтың ені – жиырма бес миллиметр) салынған ақ шеңбер (диаметрі – жүз жиырма бес миллиметр) салынған көк түсті шаршы (жағы – жүз қырық миллиметр) түрінде «дәрігер» деген тану белгісі орнатылуы мүмкін

ҚР көлік құралының айырым белгісі

9-тармаққа өзгеріс енгізілді-ҚР Үкіметінің 21.10.17 № 667 қаулысымен.

10. Авариялық тоқтау белгісі МемСТ 24333 талаптарына сәйкес келуі тиіс. Қағидалардың 7-бөлімінің талаптарына сәйкес қолданылатын фонарьдан сәулеленетін жанып-сөнетін қызыл түс күндіз ашық ауа райында және көрінуі жеткіліксіз жағдайларда жақсы байқалуы тиіс.


11. Қазақстан Республикасы көлік құралының «KZ» айырым белгісі мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісінен бөлек орнатылған жағдайда, ол мынадай талаптарға сәйкес келуі тиіс: әріптердің биіктігі кем дегенде сексен миллиметр болуы және ені кем дегенде он миллиметр штрихтармен белгіленуі тиіс. Әріптер бас осі көлденең эллипс нысанындағы ақ фонда қара болуы тиіс. Ақ фон жарық қайтаратын материалдан болуы мүмкін. Белгі жеңіл автомобильдердің, микроавтобустар мен автобустардың артқы әйнегінің жоғарғы оң жақ бұрышқа, ал қалған көлік үшін – артқы панельдің оң жақ бөлігінің ортасына жабыстырылады немесе орнатылады.


12. Механикалық көлік құралдарын сүйреу кезіндегі икемді байланыстыру буындарды белгілеу үшін ескерту құрылғылар жарық қайтаратын беті бар, екі жақтан ені елу миллиметр кезектесіп келетін қызыл және ақ жолақтар қиғашынан салынған көлемі 200×200 мм жалаушалар немесе қалқаншалар түрінде орындалуы тиіс.

Икемді байланыстырушы буынға кемінде екі ескерту құрылғысы орнатылуы тиіс..


13. Қатты сүйрету құрылғысының конструкциясы МемСТ 25907 талаптарына сәйкес болуы тиіс.

14-тармаққа өзгеріс енгізілді-ҚР Үкіметінің 23.06.15 № 472, 16.11.18 № 749 (2019 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) қаулыларымен.


14. Көлік құралдарын пайдалануға мынадай жағдайларда тыйым салынады:

1) жол жүрісі қауіпсіздігіне және қоршаған ортаға қатер төндіретін техникалық ақаулар мен жағдайлар болған, көлік құралдары оларды техникалық пайдалану жөніндегі тиісті техникалық регламенттерге, стандарттарға, қағидалар мен нұсқауларға сәйкес келмеген, сондай-ақ оларды тиісті келісусіз қайта жабдықтаған;

2) ҚР Үкіметінің 2015.23.06. № 472 Қаулысымен алып тасталды

3) көлік құралына орнатылған тораптар мен агрегаттардың нөмірлері көлік құралының тіркеу құжаттарындағы енгізілген деректерге сәйкес келмеген, сондай-ақ егер көлік құралына орнатылған тораптар мен агрегаттарда жасырын, қолдан жасалған және өзгертілген нөмірлер болған;

4) тіркеу құжаттары болмаған;

5) шыққан жылын қоса алғанда, шығарылғанына жеті жылдан аспаған, автомобиль көлігі саласындағы кәсіпкерлік қызметте пайдаланылмайтын М1 санатындагы көлік құралдарын қоспағанда, міндетті техникалық қарап- тексеруден өтпеген;

6) мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілері болмаған немесе олар белгіленген талаптарға және тіркеу құжаттарына сәйкес келмеген;

7) көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты және (немесе) тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты жасалмаған;

Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты және (немесе) тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасу фактісін сақтандыру жөніндегі бірыңғай дерекқорға лауазымды тұлғалардың сұрау салуы жолымен расталады

8) ҚР Үкіметінің 2017.21.10. № 667 Қаулысымен алып тасталды

9) егер олардың техникалық жай-күйі мен жабдықталуы Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен көлік құралдарын пайдалануға тыйым салатын ақаулар мен жағдайлар тізбесінің талаптарына сай болмаған;

10) бір құрамда жүруге арналмаған тіркемелері бар автомобильдерді басқарған;

11) рельстік көлік құралдарының жол жүрісі қауіпсіздігіне қатер төндіретін техникалық ақаулары болған, сондай-ақ, егер олардың техникалық жай-күйі мен жабдықталуы көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Рельстік көлік құралдарын техникалық пайдалану қағидаларының талаптарына сай болмаған;

12) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен, көлігі арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталуға және арнайы түсті-графикалық схемалармен боялуға жататын жедел және арнаулы қызметтердің тізбесіне кірмейтін көлік құралдары арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталған және арнайы түрлі-түсті графикалық схемалармен боялған;

13) көлік құралдарының мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілері Қазақстан Республикасының жол жүрісі саласындағы заңнамасының талаптарында көзделмеген орындарға орнатылған;

14) қауіпті жүктерді тасымалдайтын көлік құралдарының алдыңғы және артқы жақтарында «Қауіпті жүк» белгісі болмаған жағдайларда көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынады.


15. Көлік құралдарының техникалық жай-күйі мен пайдаланылуына жауапты лауазымды адамдарға және өзге де тұлғаларға:

1) ақауларының болуынан пайдалануға тыйым салынған немесе тиісті рұқсатсыз қайта жабдықталған немесе белгіленген тәртіппен тіркелмеген немесе міндетті техникалық қарап тексеруден өтпеген, сол сияқты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын және (немесе) тасымалдаушының жолаушылар алдындағы жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасаспаған иелердің көлік құралдарын желіге шығаруына;

2) масаң күйдегі (алкогольдік, есірткілік немесе өзге), реакциясын және назар аударуын нашарлататын дәрілік препараттардың әсеріндегі, жол жүрісі қауіпсіздігіне қатер төндіретін сырқат немесе шаршаулы күйдегі және бұл санаттағы көлік құралын басқару құқығы жоқ жүргізушілерге көлік құралдарын басқаруға рұқсат беруіне;

3) шынжыр табанды тракторлар мен өздігінен жүретін машиналарды асфальтты- және цемент-бетонды жабын жолдармен жүруге жіберуіне тыйым салынады.

Ескертпе. Көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелердің мәтінінде Қазақстан Республикасының Жол жүрісі қағидаларында белгіленген арнайы терминология пайдаланылды.

Предыдущая статья2023 ЖЫЛЫ ҚР ЖҚЕ БҰЗҒАНЫ ҮШІН АЙЫППҰЛДАР КЕСТЕСІ
Следующая статья1. Көлігі арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталуға және арнайы түсті-графикалық схемалар бойынша боялуға тиіс жедел және арнайы қызметтер тізбесі