12. АЯЛДАУ ЖӘНЕ ТОҚТАП ТҰРУ

0
6341

84. Көлік құралына жолдың оң жағындағы жол жиегіне, ал ол жоқ болғанда – жолдың жүру бөлігінің шетіне аялдауға және тоқтап тұруға жол беріледі.

Елді мекендерде әр бағыт үшін бір жүру жолағы бар, ортасында трамвай жолы жоқ жолдарда және біржақты жүру жолдарында жолдың сол жағына аялдауға және тоқтап тұруға жол беріледі (рұқсат етілген ең жоғары массасы 3,5 тонн асатын жүк автомобильдеріне жүк тиеу немесе түсіру үшін ғана біржақты жүру жолдарының сол жағына тоқтауға жол беріледі).


85. Конфигурациясы көлік құралдарын өзгеше орналастыруға мүмкіндік беретін орындарды (жолдың жүру бөлігінің кеңейтілген жері) қоспағанда, көлік құралдарын жолдың жүру бөлігінің шетіне параллель бір қатарға қоюға рұқсат етіледі. Бүйір тіркемесі жоқ екі дөңгелекті көлік құралдарын екі қатар қоюға рұқсат етіледі.

Жүру бөлігімен шектесетін, оған толықтай және ішінара кіретін тротуардың шетінде, егер бұл жаяу жүргіншілер жүрісіне кедергі келтірмейтін болса, жеңіл автомобильдердің, мотоциклдердің, мопедтердің және велосипедтердің тоқтап тұруына рұқсат етіледі.


86. Елді мекендерден тыс ұзақ демалу, түнеу және сол сияқты мақсаттарда тоқтап тұруға осыған арнап көзделген алаңдарда немесе жолдан тысқары жерде рұқсат етіледі.


87. Мынадай:

1) егер бұл трамвайлардың жүруіне кедергі келтірсе, трамвай жолдарына тікелей жақын жерде;

2) теміржол өтпелерінде, тоннельдерде;

3) эстакадаларда, көпірлерде, жолөткелдерде (егер осы бағытта жүру үшін жолақ үштен кем болса) және олардың астында (жолақтардың санына қарамастан);

4) егер бұл көлік құралдарының жүруіне кедергі келтірсе, тоқтаған көлік құралы мен тұтас таңбалау сызығы (жолдың жүру бөлігінің шетін белгілейтіннен басқа) немесе жолдың жүру бөлігінің қарсы шеті немесе жолдың жүру бөлігінің қарсы шетінде тұрған көлік құралы арасындағы қашықтық үш метрден кем болатын жерлерде;

5) жаяу жүргіншілер өткелдерінде және олардың алдындағы бес метрден жақын жерде;

6) ең болмағанда бір бағытта жолдың көрінуі бір жүз метрден кем болған кезде қауіпті бұрылысқа және жолдың бойлық қимасының дөңес құлдималарына жақын жолдың жүру бөлігінде;

7) қапталдағы өтпенің қарсысындағы тұтас таңбалау сызығы немесе бөлу жолағы бар үшжақты қиысу (қиылыс) жағын қоспағанда, жолдардың жүру бөліктерінің қиылысында және жолдың қиылысатын жүру бөлігінің шетіне отыз метрден жақын жерде; аялдама алаңдарында және оларға он бес метрден жақын жерде, ал олар болмаған кезде маршруттық көлік құралдары немесе такси аялдамасының нұсқағышынан он бес метрден жақын жерде;

8) көлік құралы басқа жүргізушілерден бағдаршам сигналдарын, жол белгілерін көлегейлейтін немесе басқа көлік құралдарының жүруіне (кіруіне немесе шығуына) мүмкіндік бермейтін немесе басқа көлік құралдары мен жаяу жүргіншілердің жүруіне кедергі (кептеліс) келтіретін жерлерде;

9) гүлзарларда, көгалдарда, балалар және спорт алаңдарында тоқтауға тыйым салынады.


88. Мынадай:

1) аялдауға тыйым салынған жерлерде;

2) эстакадаларда, көпірлерде, жолөткелдерде;

3) елді мекендерден тыс жерлерде 2.1 жол белгісімен белгіленген жолдың жүру бөлігінде;

4) теміржол өтпелеріне елу метрден жақын жерде;

5) егер тұрғындарға қолайсыздық келтіретін болса, елді мекендерде қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған механикалық көлік құралдарының;

6) гүлзарларда, көгалдарда, балалар және спорт алаңдарында тоқтап тұруға тыйым салынады.


89. Тоқтауға тыйым салынған жерде мәжбүрлі тоқтаған кезде жүргізуші көлік құралын ол жерден әкету үшін барлық қажетті шараларды қолдануға міндетті.


90. Бұл жол жүрісіне басқа қатысушыларға кедергі немесе қауіп келтірмейтініне көз жеткізбейінше, көлік құралының есіктерін ашуға, оларды ашық қалдыруға немесе жолдың жүру бөлігіне шығуға тыйым салынады.

Предыдущая статья11. БАСЫП ОЗУ, ҚАРСЫ КЕЛІП ЖОЛ АЙЫРЫСУ
Следующая статья13. ЖОЛ ҚИЫЛЫСЫНАН ЖҮРІП ӨТУ