11. БАСЫП ОЗУ, ҚАРСЫ КЕЛІП ЖОЛ АЙЫРЫСУ

0
4628

77. Басып озуды бастамас бұрын жүргізуші:

1) өзі шығуды көздеген жүру жолағы басып озу үшін жеткілікті аралықта бос екендігін және осы маневрмен ол қарама-қарсы және осы жолақта артта жүріп келе жатқан, оның ішінде осы Қағидалардың 19-тарауы 139 және 140-тармақтарына сәйкес ескерту сигналдарын беруші көлік құралдарына кедергі келтірмейтініне;

2) осы жолақта артта келе жатқан көлік құралының басып озуды бастамағанына;

3) осы жолақ бойымен алда кетіп бара жатқан көлік құралы жүргізушісінің солға маневр жасау туралы сигнал бермегеніне;

4) қарама-қарсы жүру жолағына (жағына) шыға отырып, басып озуды аяқтағаннан кейін, өзі басып озған көлік құралына кедергі тудырмай, бұрын жүріп келе жатқан жол жолағына келе алатынына көз жеткізуі қажет.


78. Рельссіз көлік құралын сол жағынан басып озуға рұқсат етіледі. Алайда, жүргізушісі солға бұрылуға сигнал берген және маневрді орындауға кіріскен көлік құралын оң жағынан басып озады.


79. Қарсы жүру жолағына (жағына) шыға отырып, басып озуды аяқтағаннан кейін, жүргізуші бұрын жүріп келе жатқан жүру жолағына қайтып оралады.


80. Жүргізушіге жүру жылдамдығын арттыра отырып немесе өзге де әрекеттермен басып озып бара жатқан көлік құралының басып озуына кедергі келтіруге тыйым салынады.


81. Мынадай жағдайларда:

1) реттелетін жол қиылыстарында қарсы жүру жолағына шыға отырып;

2) реттелмейтін жол қиылыстарында бағытын өзгертетін басты жолмен (рұқсат етілген оң жағынан басып озуды қоспағанда) және басты болып табылмайтын жолмен (шеңберлі жүрісті жол қиылыстарындағы басып озуды, қапталында тіркемесі жоқ екі дөңгелекті көлік құралдарын басып озуды және рұқсат етілген оң жағынан басып озуды қоспағанда) жүру кезінде;

3) жаяу жүргіншілер өткелдерінде жаяу жүргіншілер болған кезде;

4) теміржол өтпелерінде және олардың алдында бір жүз метрден жақын жерде;

5) басып озып немесе айналып өтіп келе жатқан көлік құралын;

6) өрге көтерілу соңында және көрінуі шектеулі және (немесе) осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес 3.20 және 3.22 белгілерімен белгіленген басқа жол учаскелерінде қарсы жүру жолағына шыға отырып, басып озуға тыйым салынады.


82. Жай жүретін немесе ірі көлемді көлік құралының жүргізушісі елді мекеннен тыс жерлерде осы көлік құралын басып озу қиындаған жағдайда мүмкіндігінше оңға ығыса жүреді, ал қажет болған жағдайда артта жиналып қалған көлік құралдарын өткізіп жіберу үшін тоқтайды.


83. Егер қарсы келіп жол айрысуы қиындатылған және жол айырысудың басымдылығы осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес 2.6 және 2.7 белгілерімен айқындалмаған болса, онда кедергі бар жақтағы жүргізуші жол береді. Осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес 1.13 және 1.14 белгілерімен белгіленген еңісте кедергі болған жағдайда, төмен жүріп келе жатқан көлік құралының жүргізушісі жол береді.

Предыдущая статья10. ЖҮРІС ЖЫЛДАМДЫҒЫ
Следующая статья12. АЯЛДАУ ЖӘНЕ ТОҚТАП ТҰРУ