13. ЖОЛ ҚИЫЛЫСЫНАН ЖҮРІП ӨТУ

0
4898

91. Оңға немесе солға бұрылған кезде жүргізуші өзі бұрылатын жолдың жүру бөлігін өзінің жүру бағыты бойынша кесіп өтетін жаяу жүргіншіге, оны велосипед жолымен кесіп өтетін велосипедшіге және осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес 5.9 белгісімен белгіленген (осы Қағидалардың 18-тарауы 126-тармағын ескере отырып) жолақ бойымен жүріп келе жатқан маршруттық көлік құралдарына және басқа-да қоғамдық көлікке жол береді.


92. Егер көлік құралдарының көлденең бағытта жүруіне кедергі келтіре отырып, жүргізушіні тоқтауға мәжбүр ететін кептеліс пайда болса, жол қиылысына немесе жолдың жүру бөліктерінің қиылысына шығуға тыйым салынады.


93. Жүргізушіге шолуды шектейтін жол-жөнекей бағытта жүріп бара жатқан көлік құралдарының алдына түсуге тыйым салынады.

Егер жол қиылысында немесе оның алдында көлік құралы тоқтаса, онда көршілес жолақпен жүріп бара жатқан басқа көлік құралдарының жүргізушілері мұның қауіпсіз екендігіне көз жеткізгеннен кейін ғана жүруді жалғастырады.


94. Жүру кезектілігі бағдаршамның немесе реттеушінің сигналдарымен айқындалатын жол қиылысы реттелетін болып есептеледі.

Жұмыс істемей тұрған бағдаршамның жыпылықтаған сары сигналы кезінде немесе реттеуші жоқ болса, жол қиылысы реттелмейтін болып есептеледі және жүргізушілер реттелмейтін жол қиылыстарын өту ережелерін және жол қиылысында орнатылған басымдылық белгілерін басшылыққа алады.


95. Бағдаршамдардың рұқсат ететін сигналдары бойынша солға немесе артқа бұрылған кезде рельссіз көлік құралының жүргізушісі қарсы бағыттан тіке немесе оңға жүретін, оның ішінде осы Қағидалардың 5-тарауы 38-тармағына сәйкес жол қиылысына шығатын көлік құралдарына жол береді. Трамвайлардың жүргізушілері де осындай ережені өзара басшылыққа алады.


96. Бағдаршамның сары және қызыл сигналдарымен бірдей уақытта қосымша секцияда іске қосылған бағыттаушының бағытында жүрген кезде жүргізуші басқа бағыттардан жүріп келе жатқан көлік құралдарына жол береді.


97. Егер бағдаршамның немесе реттеушінің сигналы трамвайға және рельссіз көлік құралына бірдей уақытта жүруге рұқсат беретін болса, онда трамвай, оның жүру бағытына қарамастан, артықшылықта болады. Сонымен қатар бағдаршамның сары және қызыл сигналдарымен бірдей уақытта қосымша секцияда іске қосылған бағыттаушының бағытымен жүрген кезде трамвай басқа бағыттардан жүріп келе жатқан көлік құралдарына жол береді.


98. Бағдаршамның рұқсат беретін сигналы кезінде жол қиылысына кірген жүргізуші жол қиылысынан шығудағы бағдаршам сигналына қарамастан, белгілі бағытқа шығады. Егер жол қиылысында, жүргізушінің бағыт алған жолында орналасқан бағдаршамның алдында тоқтау-сызығы және (немесе) осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес 5.33 белгісі болған жағдайда, жүргізуші әрбір бағдаршамның сигналын басшылыққа алады.


99. Бағдаршамның рұқсат беретін сигналы іске қосылғанда жүргізуші жол қиылысы арқылы жүрісін аяқтайтын көлік құралына және осы бағыттағы жолдың жүру бөлігінде өтуді аяқтамаған жаяу жүргіншіге жол береді.


100. Жүру қосымша секциясы бар бағдаршаммен реттелетін жол қиылысында бұрылыс жасайтын жолақта тұрған жүргізуші, егер оның тоқтауы осы жолақ бойымен оның артынан келе жатқан көлік құралына (көлік құралдарына) кедергі тудыратын болса, іске қосылған бағыттаушы көрсеткен бағытта жүрісін жалғастырады.


101. Маңызы бірдей емес жолдардың қиылысында екінші дәрежелі жолдың бойымен жүріп келе жатқан көлік құралының жүргізушісі олардың әрі қарай жүру бағытына қарамастан, басты жолмен жақындап қалған, оның ішінде кері бұрылуды жүзеге асыратын көлік құралына жол береді. Бөлу жолағы бар басты жолмен жүріп бара жатқан жүргізуші жол қиылысында кері бұрылуды жүзеге асырмас бұрын, екінші дәрежелі жолмен жол қиылысына жақындаған көлік құралының оған жол беретіндігіне көз жеткізеді.


102. Жол қиылысында басты жол бағытын өзгерткен жағдайда, басты жолмен жүретін жүргізушілер маңызы бірдей жолдардың қиылысынан жүріп өту қағидаларын өзара басшылыққа алады. Екінші дәрежелі жолмен жүріп келе жатқан жүргізушілер де осы қағидаларды басшылыққа алады.


103. Маңызы бірдей жолдардың қиылысында рельссіз көлік құралдарының жүргізушісі оң жақтан жақындап қалған көлік құралына жол береді. Трамвайлардың жүргізушілері де өзара осы қағидаларды басшылыққа алады.

Мұндай жол қиылыстарында, оның жүру бағытына қарамастан, рельссіз көлік құралдарының алдында трамвай артықшылыққа ие болады.


104. Солға немесе кері бұрылған кезде рельссіз көлік құралының жүргізушісі қарсы бағытта маңызды бірдей жол бойымен тіке немесе оңға жүріп келе жатқан көлік құралдарына жол береді. Трамвайлардың жүргізушілері де өзара осы қағидаларды басшылыққа алады.


105. Жол жабынының бар-жоғын анықтау мүмкін болмаған (тәуліктің қараңғы уақыты, балшық, қар және сол сияқты) және басымдық белгілері жоқ жағдайда, жүргізуші екінші дәрежелі жолдамын деген қағидатты басшылыққа алады.

Предыдущая статья12. АЯЛДАУ ЖӘНЕ ТОҚТАП ТҰРУ
Следующая статья14. ЖАЯУ ЖҮРГІНШІЛЕР ӨТКЕЛДЕРІ ЖӘНЕ МАРШРУТТЫҚ КӨЛІК ҚҰРАЛДАРЫНЫҢ АЯЛДАМАЛАРЫ