23. ЖҮКТЕРДІ ТАСЫМАЛДАУ

0
2302

159. Жүктерді тасымалдау осы мақсатқа арналған көлік құралдарымен және көлік құралдарының құрамдарымен жүзеге асырылуы тиіс.

Автобустарда қол жүгін қоятын бөлімшеден тыс орында жүкті, оның ішінде қол жүгін тасымалдауға рұқсат етілмейді.


160. Тасымалданатын жүк пен жолаушылардың массасы, жүктемені осьтер бойынша бөліп орналастыру осы көлік құралы үшін жасаушы-кәсіпорын белгілеген көлемнен аспауы тиіс.


161. Жүргізуші жүруді бастар алдында және жүру кезінде олардың құлауынан, жүруге кедергі тудыруды болдырмаудан сақтану үшін олардың орналасуын, бекітілуін, жабылуын және жай-күйін бақылап отырады.


162. Жүк тасымалдауға мынадай жағдайларда, егер ол:

1) адамдарға қауіп төндірмейтіндей және мемлекеттік, қоғамдық немесе жеке мүлікке залал келтірмейтіндей етіп көлік құралында орналастырылса және қажет болған жағдайда бекітілсе;

2) жүргізушіге шолуды және көрінуді шектемесе;

3) басқаруды қиындатпаса және көлік құралының орнықтылығын бұзбаса;

4) көлік құралында болуға тиіс тоқтау сигналы мен бұрылу нұсқағыштарын, жарық шағылыстыратын құрылғыларды, мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерін және тіркеу мемлекетінің айырым белгісін қоса алғанда, сыртқы жарық беру аспаптарын жауып тұрмаса немесе қолмен берілетін сигналдарды жауып тұрмаса;

5) алдын алуға болатын қолайсыздықтар жасамаса жол беріледі.

Егер жүктің жай-күйі мен орналасуы аталған талаптарды қанағаттандырмаса, жүргізуші аталған тасымалдау ережелерінің бұзылуын жоюға, егер жою мүмкін болмаса – әрі қарай жүруді тоқтатуға міндетті.


163. Артынан және алдынан бір метр артық немесе бүйірден габариттік оттардың сыртқы шетінен 40 сантиметр артық шығып тұратын жүк немесе көлік құралының көлемінен шығып тұратын бөліктері «Ірі көлемді жүк» деген таным белгілермен, ал тәуліктің қараңғы уақытында және көріну жеткіліксіз жағдайларда, бұдан басқа, алдынан – фонарьмен немесе ақ түсті жарық шағылыстырғышпен, артта – фонарьмен немесе қызыл түсті жарық шағылыстырғышпен белгіленеді.


164. Ауыр салмақты, ірі көлемді және қауіпті жүктерді тасымалдау көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылуы тиіс.

Көлік құралы қауіпті жүктерді тасымалдау кезінде – «Қауіпті жүк»; Негізгі ережелердің 9-тармағында көзделген жағдайларда – «Ұзын өлшемді көлік құралы» деген таным белгілерімен белгіленуі тиіс.

Предыдущая статья22. ЖОЛАУШЫЛАРДЫ ТАСЫМАЛДАУ
Следующая статья24. ВЕЛОСИПЕДТЕРДІҢ, МОПЕДТЕРДІҢ, КӨЛІК АРБАЛАРДЫҢ ЖҮРУІНЕ, СОНДАЙ-АҚ МАЛ АЙДАУҒА ҚОЙЫЛАТЫН ҚОСЫМША ТАЛАПТАР