2. ЖҮРГІЗУШІЛЕРДІҢ ЖАЛПЫ МІНДЕТТЕРІ

0
12537

9. Механикалық көлік құралының жүргізушісі:

1) мыналарды:

өзімен бірге жүргізушінің жеке басын куәландыратын құжаты болса, Қазақстан Республикасында берілгендерді қоспағанда, көлік құралын басқару құқығын беретін жүргізуші куәлігін не жүргізуші куәлігінің орнына берілген уақытша куәлікті;

Қазақстан Республикасында берілгендерді қоспағанда, көлік құралын мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті не көлік құралына меншік құқығын куәландыратын құжатты;

жол парағын, алып жүретін жүкке арналған құжатты (тауар-көліктік жүк құжатты) және көлік құралына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де құжаттарды өзімен бірге алып жүруге және ішкі істер органдарының, көліктік бақылау органдарының уәкілеттік берілген лауазымды адамдарының талабы бойынша оларға тексеру үшін беруге;

2) ішкі істер, көліктік бақылау органдарының нысанды киім киген қызметкерінің дауыс күшейткіш құрылғысының көмегімен, ысқырып сигнал берумен бір мезгілде жүргізушіге түсінікті және орындалуы авариялық жағдай туғызбайтындай етіп дер кезінде берілуге тиіс көлік құралына бағытталған қол қимылымен немесе таяқшамен сигнал беруі арқылы көлік құралын тоқтату туралы талабы бойынша көлік құралын тоқтатуға;

3) көлік құралының өздігінен жүріп кетуін болғызбайтын шаралар қолданбай, сондай-ақ оны ішкі істер органдарының қызметкері тоқтатқан жағдайда, оның рұқсатынсыз көлік құралын тастап кетпеуге;

4) ішкі істер органдары қызметкерінің талабы бойынша масаң күйін куәландырудан өтуге;

5) қауіпсіздік белдіктерімен жабдықталған көлік құралымен жүрген кезде белдікті тағуға және белдік тақпаған жолаушыларды тасымалдамауға;

6) Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген жағдайларда, осы Қағидаларды білуін тексеруден өтуге;

7) көлік құралын:

шығындарды өтеттіре отырып, медициналық көмек көрсету үшін жол-жөнекей бағытта кетіп бара жатқан медицина қызметкерлеріне, сондай-ақ жедел медициналық көмекке мұқтаж азаматтарды емдеу мекемелеріне жеткізу үшін, сондай-ақ терроризмге қарсы операциялар жүргізу кезінде жүру бағытына қарамастан, медицина қызметкерлеріне, ішкі істер органдарының және ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлеріне;

жол-көлік оқиғалары кезінде бүлінген көлік құралдарын тасымалдау, дүлей зілзала болған жерге бару үшін ішкі істер органдарының қызметкерлеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда ішкі істер органдарының, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі мен ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлеріне беруге;

көлік құралын беру туралы талап шетел мемлекеттері өкілдіктерінің және дипломатиялық иммунитеті бар халықаралық ұйымдардың көлік құралдарына қолданылмайды;

көлік құралын пайдаланған адам жүргізушінің талабы бойынша анықтама беруі немесе жол парағына жазба (жүрудің қанша уақытқа созылғандығы, жүріп өткен қашықтықты, өзінің тегін, лауазымын, қызметтік куәлігінің нөмірін, өз ұйымының атауын көрсетіп) жасауы тиіс;

мемлекеттік ұйымдардың жоғарыда аталған қызметкерлеріне көлік құралдарын беруге байланысты келтірілген шығыстарды көлік құралы иесінің талабы бойынша белгіленген тәртіппен осы ұйымдар өтейді;

8) жол-көлік оқиғасы кезінде оған қатысы бар жүргізуші:

Осы Қағидалардың 7-тарауы 45-тармағының талаптарына сәйкес көлік құралын дереу тоқтатуға (орнынан қозғамауға), авариялық жарық сигнал беруін қосуға және авариялық тоқтау белгісін (жанып-сөнетін қызыл фонарь) қоюға, оқиғаға қатысы бар заттарды қозғамауға;

зардап шеккендерге дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету үшін ықтимал шараларды қолдануға, жедел медициналық жәрдем шақыруға, ал шұғыл жағдайларда зардап шеккендерді жол-жөнекей көлікпен жөнелтуге, егер бұл мүмкін болмаса, өзінің көлік құралымен жақын жердегі емдеу мекемесіне жеткізуге, өзінің тегін, көлік құралының мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісін хабарлауға (жеке басын куәландыратын құжатты немесе жүргізуші куәлігін және көлік құралына берілген тіркеу құжатын көрсете отырып) және оқиға болған жерге қайтып келуге;

Осы Қағидалардың 1-тарауы 8-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, болған оқиға туралы жақын жердегі ішкі істер органына дереу хабарлауға, оны көргендердің тектері мен мекенжайларын жазып алуға және ішкі істер органдары қызметкерлерінің келуін күтуге;

егер басқа көлік құралдарының жүруі мүмкін болмаса, жолдың жүру бөлігін босатуға;

жолдың жүру бөлігін босату қажет болған кезде оқиғаға қатысы бар көлік құралының орналасуын, іздер мен заттарды куәлардың қатысуымен алдын ала белгілеп, оларды сақтауға барлық ықтимал шараларды қолдануға және оқиға болған жерді өзгелердің айналып өтуін қамтамасыз етуге міндетті.

Мотоциклді басқару кезінде жүргізушілер түймеленген мотошлемде болады және түймеленген мотошлем кимеген жолаушыларды тасымалдамайды.


10. Халықаралық жол жүрісіндегі көлік құралдарына Қазақстан Республикасының аумағындағы жол жүрісіне қатысуға Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың талаптарына сәйкес берілген:

1) көлік құралын, тіркемені тіркеу туралы куәлік;

2) көлік құралының тіркеу нөмірі;

3) мемлекеттің айырым белгісі;

4) көлік құралының таным белгісі;

5) көлік құралының техникалық қарап тексеруден өтуі фактісін растайтын құжат болған кезде рұқсат етіледі.


11. Жол жүргенде Көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерде көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынатын және жүргізуші анықтай алатын өзге ақаулар және жағдайлар туындаған кезде, ол оны жояды, ал егер бұл мүмкін болмаса, онда қажетті сақтық шараларын сақтай отырып, тұраққа немесе жөндеу орнына апарады.


12. Жүргізушіге:

1) өзімен бірге жүргізушінің жеке басын куәландыратын құжаты болса, Қазақстан Республикасында берілгендерді қоспағанда, көлік құралын басқару құқығын беретін жүргізуші куәлігінсіз не жүргізуші куәлігінің орнына берілген уақытша куәліксіз көлік құралын басқаруға;

2) масаң күйде (алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық); реакциясын және назар аударуын нашарлататын дәрілік препараттардың әсерімен; жол жүрісі қауіпсіздігіне қатер төндіретін сырқат немесе шаршаулы күйде көлік құралын басқаруға;

3) шыққан жылын қоса алғанда, шығарылғанына жеті жылдан аспаған, автомобиль көлігі саласындағы кәсіпкерлік қызметте пайдаланылмайтын М1 санатындағы көлік құралдарын қоспағанда, ақауы бар көлік құралын, міндетті техникалық қарап-тексеруден өтпеген көлік құралын басқаруға;

4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын және (немесе) тасымалдаушының жолаушылардың алдындағы жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасаспаған иесінің көлік құралын басқаруға;

5) мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілері болмаған немесе олар тіркеу құжаттарына сәйкес келмеген жағдайларда көлік құралын басқаруға;

6) масаң күйдегі, реакциясын және назар аударуын нашарлататын дәрілік препараттардың әсеріндегі, сырқат немесе шаршаңқы күйдегі адамдарға, сондай-ақ жүргізуге оқып-үйренушілерден басқа, өзімен бірге жүргізушінің жеке басын куәландыратын құжаты болса, Қазақстан Республикасында берілгендерді қоспағанда, өзімен бірге осы санаттағы көлік құралын басқару құқығын беретін жүргізуші куәлігі, жүргізуші куәлігінің орнына берілген уақытша куәлігі жоқ немесе жол (маршрут) парағында көрсетілмеген адамдарға не көлік құралын басқару құқығы жоқ немесе басқару құқығынан айырылған адамдарға көлік құралын басқаруға беруге;

7) ұйымдастырылған (оның ішінде жаяулардың да) колонналарды кесіп өтуге және олардың арасынан орын алуға;

8) телефонды не радиостанцияны тыңдауыш немесе қатты дауысты байланысты қолдану арқылы пайдалануды қоспағанда, көлік құралын басқару кезінде оларды пайдалануға;

9) тежегіштің жұмыс жүйесі немесе рульмен басқаруы істемейтін, ілініс құрылғысы (поезд құрамында) жарамсыз, сондай-ақ тәуліктің қараңғы уақытында жолдарда жасанды жарықтандыру болмағанда немесе көрінуі жеткіліксіз жағдайларда – шамдары және (немесе) артқы габариттік оттары жанбайтын (жоқ), жаңбыр немесе қар жауып тұрғанда алдыңғы терезе тазалағыштары жарамсыз көлік құралын басқаруға.

Ең төменгі жылдамдықпен жүрген кезде көлік құралын тоқтататуға немесе маневрді жүзеге асыруға мүмкіндік бермейтін тежегіш жұмыс жүйесі немесе рульдік басқару жұмыс істемейтін болып саналады.

10) өзінің қатысы бар жол-көлік оқиғасынан кейін не ішкі істер органдары қызметкерінің талабы бойынша көлік құралы тоқтатылғаннан кейін уәкілетті лауазымды адам масаң күйді анықтау мақсатында куәландырудан өткізгенге дейін немесе уәкілетті лауазымды адам осындай куәландыруды жүргізуден босату туралы шешім қабылдағанға дейін алкоголь ішімдіктерін, есірткі немесе психотроптық заттарды пайдалануға тыйым салынады.

Осы Қағидалардың 8-тарауы 58 және 59-тармақтарында, 9-тарауы 61 және 62-тармақтарында, 10-тарауы 76-тармағында, 11-тарауы 80 және 81-тармақтарында, 12-тарауы 87, 88 және 90-тармақтарында, 13-тарауы 92 және 93-тармақтарында, 14-тарауы 109-тармағында, 15-тарауы 115-тармағында, 16-тарауы 118-тармағында, 17-тарауы 122-тармағында, 20-тарауы 144 және 145-тармақтарында, 22-тарауы 156 және 157-тармақтарында жүргізушілер үшін өзге тыйым салулар көзделген.

Предыдущая статья1. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
Следующая статья3. ЖАЯУ ЖҮРГІНШІЛЕРДІҢ МІНДЕТТЕРІ