22. ЖОЛАУШЫЛАРДЫ ТАСЫМАЛДАУ

0
2703

151. Жүк автомобилінің шанағында жолаушыларды тасымалдауға жиырма бес жастағы, «С» санатындағы (кабинадағы жүргізушіні қоса алғанда 8 адамнан артық тасымалдау кезінде – «С» және «Д» санаттары) көлік құралдарын басқару құқығына куәлігі және осы санаттағы көлік құралын басқаруда бес жылдан артық өтілі бар жүргізушілер жіберіледі.

Әскери жүргізушілерге жолаушыларды тасымалдауға рұқсат беру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

Жолаушыларды тасымалдауға арналған және жүргізушінің орнынан басқа, отыратын орындарының саны сегізден асатын, бірақ он алтыдан аспайтын автомобильдермен («D» кіші санаты) жолаушыларды тасымалдауға жиырма бір жасқа толған, кемінде үш жыл жүргізуші жұмыс өтілі, оның ішінде кемінде бір жыл «С1» санатына жатқызылатын көлік құралдарын басқару өтілі бар адамдар жіберіледі.

Жолаушыларды тасымалдауға арналған және жүргізушінің орнынан басқа, отыратын орындарының саны сегізден асатын автомобильдермен («D» санаты) жолаушыларды тасымалдауға жиырма бес жасқа толған, кемінде бес жыл жүргізуші жұмыс өтілі, оның ішінде «D1» санатына жатқызылатын көлік құралдарын кемінде үш жыл басқару өтілі бар адамдар жіберіледі.

Жолаушылар мен багажды тасымалдау үшін пайдаланылатын көлік құралдары техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес болуы тиіс.

Такси ретінде тасымал үшін арнайы басқарылатын, оның ішінде толықтай қолымен, сондай-ақ оң жақтан басқарылатын автокөлік құралдарын пайдалануға тыйым салынады.


152. Жолаушыларды борт платформасы бар жүк автомобилінің шанағында, егер ол Негізгі ережелердің 5-тармағының талаптарына сәйкес жабдықталған болса, тасымалдауға рұқсат етіледі.


153. Жүк автомобилінің жүргізушісі жол жүрер алдында жолаушыларға міну, түсу және шанақта орналасу тәртібі туралы түсіндіреді; жүру кезінде тұруға және бортқа отыруға рұқсат етілмейтіні туралы ескертеді.

Жүруді жолаушыларды қауіпсіз тасымалдау шаралары қамтамасыз етілгендігіне көз жеткізілгеннен кейін бастауға болады.


154. Борт платформасы бар, жолаушылар тасымалдау үшін жабдықталмаған жүк автомобилінің шанағында жол жүруге, олар борттың деңгейінен төмен орналасқан орындықтармен қамтамасыз етілген жағдайда ғана, жүкпен ілесіп жүрген немесе оның артынан келе жатқан адамдарға рұқсат етіледі.


155. Жүргізуші жолаушыларды отырғызуды және түсіруді осы Қағидалардың 12-тараумен белгіленген көлік құралдарын тоқтатуға тыйым салынбаған жерлерде көлік құралы толық тоқтағаннан кейін ғана жүзеге асыруға, ал жүруді есіктер жабылғанда бастауға және оларды толық тоқтағанға дейін ашпауға міндетті.

Маршруттық көлік құралының жүргізушісі жолаушыларды отырғызуды және түсіруді белгіленген аялдама пункттерінде ғана жүзеге асырады.


156. Жолаушыларды:

1) автомобильдің (борт платформасы бар жүк автомобилінің шанағында немесе фургон шанақта жолаушыларды тасымалдау жағдайларынан басқа), трактордың, өздігінен жүретін машинаның кабинасынан тыс, жүк тіркемесінде, тіркеме-үйшікте, жүк мотоциклінің шанағында және мотоцикл конструкциясында отыру үшін көзделген орындардан тыс;

2) көлік құралының техникалық сипаттамасында көзделген санынан артық тасымалдауға тыйым салынады, бұл ретте көлік құралының нақты массасы жасаушы кәсіпорын белгілеген рұқсат етілген ең жоғары масса шамасынан аспауға тиіс;

3) мотоциклдің артқы орындығында масаң күйде;

4) жүк автомобилінің шанағында отыру үшін жабдықталған санынан артық;


157. 12 жасқа дейінгі балаларды:

1) мотоциклдің артқы орындығында;

2) балаларды арнайы ұстау құрылғысы немесе баланы қауіпсіздік белдігінің көмегімен отырғызып қоюға мүмкіндік беретін, көлік құралының конструкциясында көзделген өзге де құралдар болмаған кезде, ал механикалық көлік құралының алдыңғы орындығында балаларды арнайы ұстау құрылғысы болмаған кезде тасымалдауға тыйым салынады.


158. Балалар ұйымдастырылған топтарын тасымалдау кемінде екі есігі бар, техникалық жай-күйі автокөлікпен тасымалдау саласындағы уәкілетті орган бекіткен Автомобиль көлігімен жолаушыларды және багажды тасымалдау ережелерінде белгіленген талаптарға жауап беретін автобустармен жүзеге асырылады.

Ұйымдастырылған балалар топтарын тасымалдауға арналған автобустар сары түсті жарқылдауық маякпен жабдықталады. Бұл автобустардың алдына және артына «Балалар тасымалы» деген таным белгісі орнатылады.

Балалар топтарын ұйымдастырылған түрде жасы кемінде жиырма бесте, тиісті санаттағы жүргізуші куәлігі және кемінде бес жыл еңбек өтілі бар жүргізушілердің тасымалдауына рұқсат етіледі.

Автобус шанағында тасымалданатын балалардың саны орындық санынан аспауы тиіс.

Қала сыртындағы жолдарда балаларды тасымалдайтын екі және одан да көп автобустар легімен жол полициясының арнайы автомобильдері ілесіп жүруге тиіс.

Предыдущая статья21. ЖҮРГІЗІП ҮЙРЕНУ
Следующая статья23. ЖҮКТЕРДІ ТАСЫМАЛДАУ