10. ЖҮРІС ЖЫЛДАМДЫҒЫ

0
8609

72. Жүргізуші көлік құралын белгіленген шектеуден аспайтын жылдамдықпен, мұндайда жүріс үдемелілігін, көлік құралы мен жүктің ерекшелігін және жай-күйін, жүру бағытындағы көрінуге қатысты жол және метеорологиялық жағдайларды ескере отырып жүргізеді. Жылдамдық жүргізушіге осы Қағидалардың талаптарын орындау үшін көлік құралының жүрісіне тұрақты түрде бақылау жасауына мүмкіндік беруін қамтамасыз етеді.

Жүруге жүргізуші анықтай алатындай кедергі және (немесе) қауіп туған жағдайда, ол жылдамдықты тоқтатуға дейін азайтуға немесе жол жүрісіне басқа қатысушылар үшін қауіп төндірмей, кедергіні айналып өтуге шаралар қолданады.


73. Көлік құралдарына елді мекендерде тиісті жол белгілерімен белгіленген, бірақ сағатына 90 километрден аспайтын арнайы жүру режимдерін қоспағанда, сағатына 60 километрден аспайтын, ал тұрғын аймақтар мен аула аумақтарында – сағатына 20 километрден аспайтын жылдамдықпен жүру рұқсат етіледі.


74. Елді мекендерден тыс мыналарға:

1) жеңіл автомобильдерге және мотоциклдерге автомагистральдарда осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес 3.24 тиісті жол белгісімен белгіленген, бірақ сағатына 140 километрден аспайтын, бөлу жолағы бар жолдарды сағатына 110 километрден аспайтын, қалған жолдарда сағатына 100 километрден аспайтын;

2) рұқсат етілген ең жоғары массасы 3,5 тоннадан аспайтын жүк автомобильдеріне, қалааралық автобустарға, шағын автобустарға автомагистральдарда – сағатына 110 километрден аспайтын, бөлу жолағы бар жолдарды сағатына 100 километрден аспайтын, қалған жолдарда – сағатына 90 километрден аспайтын;

3) басқа автобустарға, оның ішінде балалар топтарын ұйымдастырылған түрде тасымалдауды жүзеге асыратын, тіркеме сүйреткен кезде жеңіл автомобильдерге, рұқсат етілген ең жоғары массасы 3,5 асатын жүк автомобильдеріне автомагистральдарда сағатына 90 километрден аспайтын, бөлу жолағы бар жолдарда сағатына 80 километрден аспайтын, қалған жолдарда сағатына 70 километрден аспайтын жылдамдықпен жүруге рұқсат етіледі.


75. Көлік құралдарының жылдамдығы:

1) жүк автомобилінің шанағында жолаушыларды тасымалдау кезінде – сағатына 60 километрден;

2) механикалық көлік құралдарын сүйреткен кезде – сағатына 50 километрден;

3) қауіпті, ауыр салмақты және ірі көлемді жүктерді тасымалдау шарттарын келіскен кезде – белгіленген көлемнен аспауы тиіс.


76. Жүргізушіге:

1) белгіленген тәртіппен айқындалған ең жоғары жылдамдықтан асыруға;

2) көлік құралының техникалық сипаттамасында айқындалған ең жоғары жылдамдықтан асыруға;

3) көлік құралына орнатылған «Жылдамдықты шектеу» таным белгісінде көрсетілген жылдамдықтан асыруға (осы жерде және бұдан кейін таным белгілері Негізгі ережелерге сәйкес көрсетіледі).

4) басқа көлік құралдарына кедергі келтіруге;

5) егер бұл жол-көлік оқиғасын болғызбау үшін қажет етілмесе, кілт тоқтауға тыйым салынады.


Предыдущая статья9. КӨЛІК ҚҰРАЛДАРЫН ЖОЛДЫҢ ЖҮРУ БӨЛІКТЕРІНДЕ ОРНАЛАСТЫРУ
Следующая статья11. БАСЫП ОЗУ, ҚАРСЫ КЕЛІП ЖОЛ АЙЫРЫСУ