5. БАҒДАРШАМНЫҢ ЖӘНЕ РЕТТЕУШІНІҢ СИГНАЛДАРЫ

0
16572

Бағдаршамның сигналдары

23. Жол жүрісін реттеу үшін көлденең және тігінен орналасқан бағдаршамдар қолданылады.

Бағдаршамдарда жасыл, сары, қызыл және ай түстес ақшыл жарық сигналдары қолданылады.

Сигналдары тігінен орналасқан бағдаршамдарда қызыл түс жоғарыда орналасады, ал жасыл – төменде; сигналдар көлденеңінен орналасқанда қызыл – сол жақта, жасыл – оң жақта орналасады.

Бағдаршам сигналдары мақсатына байланысты дөңгелек, бағыттаушы (бағыттаушылар) түрінде, жаяу жүргінші немесе велосипед кескінінде, «Х» және «+» тәрізді болуы мүмкін.

Дөңгелек сигналды бағдаршамдардың бір немесе екі, дөңгелек жасыл сигналдың деңгейінде орналасқан жасыл бағыттаушы (бағыттаушылар) түріндегі сигналдары бар қосымша секциялары болуы мүмкін.


24. Бағдаршамның дөңгелек сигналдарының мынадай мәні бар:

1) жасыл сигнал жүруге рұқсат етеді;

2) жасыл жыпылықтаған сигнал жүруге рұқсат етеді және оның қолданылу уақыты өтіп барады және тыйым салатын сигнал іске қосылатындығын хабарлайды (жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жасыл сигналдың жануына дейін уақыт туралы секундпен хабар беретін сандық табло қолданылады);

3) сары сигнал осы бөлімнің 14-тармағында көзделгеннен басқа жағдайларда жүруге тыйым салады және сигналдардың ауысқалы тұрғанын ескертеді;

4) сары жыпылықтаған сигнал бағдаршаммен реттелмейтін көше қиылысының немесе жаяу жүргінші өтпесінің бар екенін хабарлайды, қауіптен сақтандырады;

5) қызыл сигнал, оның ішінде жыпылықтайтын сигнал, жүруге тыйым салады. Қызыл және сары сигналдардың қосыла жануы жүруге тыйым салады және жасыл сигнал жанғалы тұрғаны хабар береді.


25. Қызыл, сары және жасыл түсті бағыттаушы түрінде орындалған бағдаршам сигналы тиісті түстердегі дөңгелек сигналмен бірдей мағыналас, бірақ олардың күші бағыттаушы көрсеткен бағытқа (бағыттарға) ғана қолданылады. Бұл ретте солға бұрылуға рұқсат беретін бағыттаушы, егер бұған тиісті жол белгісімен тыйым салынбаса, кері бұрылуға да рұқсат етеді.

Сілтеме. Қызыл және сары бағыттаушылардың орнына осы мағынада қара контурлы бағыттаушылар кескінделген дөңгелек қызыл және сары сигналдар пайдаланылуы мүмкін.

Қосымша секциясы бар жасыл бағыттаушы да осындай мәнге ие болады. Қосылмай тұрған қосымша секцияның сигналы осы секциямен реттелетін бағыттағы жүріске тыйым салынғанын білдіреді.


26. Егер бағдаршамның негізгі жасыл сигналына қара контурлы бағыттаушы (бағыттаушылар) салынған болса, онда ол жүргізушіге бағдаршамның қосымша секциясын және қосымша секцияның сигналына қарағанда өзге де рұқсат етілген жүру бағыттарын хабарлайды.


27. Егер бағдаршам сигналы жаяу жүргіншінің (велосипедтің) кескіні түрінде орындалса, онда күші тек жаяу жүргіншіге, (велосипедшілерге) ғана қолданылады. Бұл ретте жасыл сигнал жаяу жүргіншінің (велосипедшінің) жүруіне рұқсат береді, ал қызыл тыйым салады.

Велосипедшілердің жүруін реттеу үшін сондай-ақ кішірейтілген өлшемдегі дөңгелек сигналы бар, 300×200 мм өлшемді, қара түсті велосипед кескінделген тік бұрышты ақ түсті тақтайшамен толықтырылған бағдаршам пайдаланылады.


28. Көру қабілетінен толық айырылған жаяу жүргіншілерді жолдың жүру бөлігін кесіп өту мүмкіндігі туралы хабардар ету үшін бағдаршамдардың жарық сигналдары дыбыстық сигналмен толықтырылуы мүмкін.


29. Көлік құралдарының жолдың жүру бөлігінің қозғалыс бағыты қарама-қарсы бағытқа өзгеруі мүмкін жол жолақтары бойынша жүруін реттеу үшін X үлгісіндегі қызыл сигнал және төмен бағытталған бағыттаушы түріндегі жасыл сигналы бар реверстік бағдаршам қолданылады. Бұл сигналдар тиісінше олар үстінде орналастырылған жолақ бойынша жүруге тыйым салады немесе рұқсат береді.

Реверсивтік бағдаршамның негізгі сигналдары бағыттаушы түріндегі, төмен қарай оңға немесе солға қиғаштай еңкейтілген, іске қосылған сигналдың ауысатындығын және бағыттаушы нұсқаған жолаққа қатар ауыстыру қажеттігін хабарлайтын сары сигналмен толықтырылуы мүмкін.

Реверсивтік бағдаршамның екі жағынан осы Қағидалардың 2-қосымшасына сәйкес 1.9 таңбалауымен белгіленген жолақтың үстіне орналастырылған сигналдары іске қосылғанда осы жол жолағына шығуға тыйым салынады.


30. Трамвайлардың, сондай-ақ олар үшін бөлінген жолақпен жүретін қоғамдық көліктің жүрісін реттеу үшін «Т» әрпі түрінде орналасқан төрт ай түстес ақ дөңгелек сигналдары бар бағдаршамдар қолданылады. Бір мезгілде төменгі сигналмен бір немесе бірнеше жоғарғы сигнал іске қосылған кезде ғана олардың сол жақтағысы – солға, ортадағысы – тіке, оң жақтағысы – оңға жүруге рұқсат етеді.


31. Теміржол өтпесінде орналасқан дөңгелек, жыпылықтап тұратын ай түстес ақ сигнал көлік құралдарының өтпе арқылы жүруіне рұқсат береді. Ай түстес ақ және қызыл жыпылықтайтын сигнал сөніп тұрған кезде көз жетер шегінде өтпеге жақындап қалған пойыз (локомотив, дрезина) болмаған кезде жүруге рұқсат етіледі.


32. Қызыл «+» тәрізді сигнал қарсы бағыттағы көлік құралдары үшін бағдаршамның тыйым салатын қызыл сигналының жанғаны туралы хабарландырады.

Сөніп тұрған қызыл «+» тәрізді сигнал қарсы бағыттағы көлік құралдары үшін бағдаршамның рұқсат беретін жасыл сигналының жанғаны туралы хабарландырады.


Реттеушінің негізгі сигналдары

33. Оның денесі мен қолдарының, оның ішінде мынадай мәндерді білдіретін таяқшамен жасаған қимылдары, реттеушінің сигналы болып табылады:

1) қолдары екі жаққа созылған немесе төмен түсірілген:

сол және оң бүйір жақтарынан – трамвайға тіке, рельссіз көлік құралдарына тіке және оңға жүруге рұқсат етіледі, жаяу жүргіншілерге жолдың жүру бөлігін кесіп өтуге рұқсат етіледі;

кеуде және арқа жағынан – барлық көлік құралдарының және жаяу жүргіншілердің жүруіне тыйым салынады;

2) оң қол алға созылған:

сол бүйір жақтан – трамвайға солға, рельссіз көлік құралдарына барлық бағыттарда жүруге рұқсат етіледі;

кеуде жағынан – барлық көлік құралдарына тек қана оңға жүру рұқсат етіледі;

оң бүйір және арқа жағынан – барлық көлік құралдарына жүруге тыйым салынады;

жаяу жүргіншілерге жолдың жүру бөлігін кесіп өтуге реттеушінің арт жағынан рұқсат етіледі.

3) қол жоғары көтерілген:

осы тараудың 37-тармағында көзделген жағдайлардан басқа барлық көлік құралдары мен жаяу жүргіншілердің барлық бағытта жүруіне тыйым салынады.

Реттеуші қол қимылдарымен жүргізушілерге және жаяу жүргіншілерге түсінікті басқа да сигналдар беруі мүмкін.

Сигналдар жақсы көрінуі үшін реттеуші таяқшаны немесе қызыл сигналы бар дискіні (жарық шағылыстырғышты) қолдануы мүмкін.


34. Көлік құралының тоқтауын талап ету дауыс күшейткіш құрылғысының көмегімен, ысқырып сигнал берумен бір мезгілде жүргізушіге түсінікті және орындалуы авариялық жағдай туғызбайтындай етіп дер кезінде берілуге тиіс көлік құралына бағытталған қол қимылымен немесе таяқшамен беріледі.


35. Ысқырықпен қосымша берілген сигнал жол жүрісіне қатысушылардың назарын аудару үшін беріледі.


36. Бағдаршамның (реверстіктен басқа) немесе реттеушінің тыйым салатын сигналы кезінде жүргізушілер тоқтау-сызығының (осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес 5.3.3-белгісінің) алдында, ал олар болмаған кезде:

1) жол қиылысында – жаяу жүргіншілер үшін кедергі тудырмай жолдың кесіп өтетін жүру бөлігінің алдында не осы Қағидалардың 13-тарауы 98-тармағының талаптарын басшылыққа алады;

2) теміржол өтпесі алдында – осы Қағидалардың 15-тарауы 116-тармағына сәйкес;

3) басқа жерлерде – жүруі рұқсат етілген көлік құралы мен жаяу жүргіншілерге кедергі туғызбай тоқтайды.


37. Реттеуші қолын көтерген немесе сары сигнал жанған кезде, егер бағдаршам сигнализациясының жұмыс режимі жасыл сигналдың тікелей сөнер алдындағы жыпылықтауын қамтамасыз етпейтін жағдайларда, шұғыл тежеуге жүгінбей тоқтата алмайтын жүргізушілерге осы тараудың 36-тармағында белгіленген жерлерде әрі қарай жүруге рұқсат етіледі.

Реттеуші қолын көтерген немесе сары сигнал жанған кезде жолдың жүру бөлігінде келе жатқан жаяу жүргіншілер оны босатады, ал оған мүмкіндік болмаған кезде қарсы көлік легін бөлуші сызықта тоқтайды.


38. Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер, тіпті олар бағдаршам сигналына, жол белгілері немесе таңбаларының талаптарына қайшы келсе де, реттеушінің сигнал талаптары мен бұйрығын орындайды.


39. Теміржол өтпелерінде жыпылықтаған қызыл сигналмен бір мезгілде жол жүрісіне қатысушыларды қосымша ақпараттандыратын, өтпе арқылы жүруге тыйым салатын дыбыстық сигнал берілуі мүмкін.Түсіндірмелері бар суреттердегі реттеушінің қимылдары


Предыдущая статья4. ЖОЛАУШЫЛАРДЫҢ МІНДЕТТЕРІ
Следующая статья6. АРНАУЛЫ СИГНАЛДАРДЫ ҚОЛДАНУ