8. МАНЕВР ЖАСАУ

0
9187

47. Жүргізуші маневрді орындауды бастамас бұрын тиісті мақсаттағы жарық көрсеткіштерімен, егер олар болмаса немесе ақауы болса – қолмен сигнал береді. Бұл ретте маневр қауіпсіздікті сақтай отырып, жүзеге асырылады және жол жүрісіне басқа қатысушыларға кедергі туғызбайды.


48. Сол жаққа бұрылудың жарық көрсеткіші не сол жаққа сол қолды созу не жанына созылған тік бұрыш жасап шынтақтан жоғары бүгілген оң қол сол жаққа маневр жасау сигналы болып табылады. Оң жаққа бұрылудың жарық көрсеткіші не жанына созылған оң қол немесе жанына созылған және шынтақтан тік бұрыш жасап жоғары бүгілген сол қол оң жаққа маневр жасау сигналы болып табылады. Тежеу сигналы тоқтау-сигналымен не қолды жоғары көтеру арқылы беріледі. Артқа жүру сигналы артқы жүріс шамын жағу және авариялық сигнал беруді қосу арқылы беріледі.

Бұрылу көрсеткіштерімен немесе қолмен сигнал беру жол жүрісіне басқа қатысушыларды жаңылыстырмай, маневрді орындау басталғанға дейін алдын ала беріледі және ол аяқталғаннан кейін дереу тоқтатылады (сигналды қолмен беруді тікелей маневрді орындау алдында аяқтауға болады).

Сигнал беру жүргізушіге артықшылық бермейді және оны сақтық шараларын қолданудан босатпайды.


49. Екінші дәрежелі жолдан жолға шығу кезінде жүргізуші жолда жүріп келе жатқан көлік құралдары мен жаяу жүргіншілерге, ал жолдан кірген кезде өзі жолын кесіп өтетін жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге жүруге жол береді.


50. Жүргізуші аялдау немесе тұрақ орнына келген кезде жолдың жүру бөлігінің шетімен немесе жол жиегімен келе жатқан жаяу жүргіншілерге, велосипед, мопед, көлік арба жүргізушілеріне, мініс және жүк артылған мал айдаушыларға жол береді.


51. Қатар ауыстыру кезінде жүргізуші жүру бағытын өзгертпей, қатарлас келе жатқан көлік құралдарына жол береді. Бірге келе жатқан көлік құралдары бір мезгілде қатар ауыстырған кезде, жүргізуші оң жақта келе жатқан көлік құралына жол береді.

Жүріп келе жатқан көлік құралдары арасында қауіпті арақашықтық туындайтын жағдайда қатар ауыстыруға рұқсат етілмейді.


52. Шеңберлі жүріс ұйымдастырылған жол қиылысына шыққан кезде бұрылыс жасау жағдайларын қоспағанда, оңға, солға немесе кері бұрылу алдында жүргізуші осы бағытта жүруге арналған жолдың жүру бөлігінде және жолақта тиісті шеткі орынға алдын ала ауысады.

Егер жолда осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес 5.8.1 немесе 5.8.2 белгілері орнатылса, онда аталған маневрлерді тиісті жүру жолақтары бойынша жасауға рұқсат етіледі; бұл ретте шеткі жүру жолақтары бос болған кезде шеткі емес жолақтармен жүруге рұқсат етілмейді.

Егер осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес 5.8.1 немесе 5.8.2 белгілерімен жолдың жүру бөлігінің жолақтарымен жүру бағыты көрсетілмесе, сол жақта жолдың жүру бөлігімен бір деңгейде орналасқан бір бағыттағы трамвай жолдары болған кезде сол жаққа және кері бұрылу солардан бастап орындалуы тиіс. Бұл ретте жүргізуші трамвайға жол береді.


53. Бұрылу жолдың жүру бөліктерінің қиылысынан шыққан кезде көлік құралы қарсы жүру жағына шықпайтындай болып жүзеге асырылады.


54. Егер көлік құралы қиылыста немесе одан тыс бұрылыс жасауды немесе қиылыста кері бұрылуды осы бөлімнің 52-тармағын сақтай отырып, өзінің көлемінен немесе басқа себептер бойынша орындай алмаса, жол жүрісі қауіпсіздігі қамтамасыз етілген жағдайда және бұл басқа көлік құралдарына кедергі туғызбайтын болса, көрші жол жолағына жартылай, ал қажет болғанда толықтай шығуына рұқсат етіледі.


55. Рельссіз көлік құралының жүргізушісі қиылыстан тыс жерде солға немесе кері бұрылған кезде қарсы келе жатқан көлік құралына жол береді.

Егер қиылыстан тыс жерде кері бұрылған кезде сол жақ шеттен маневрді орындау үшін жолдың жүру бөлігінің ені жеткіліксіз боса, онда жолдың жүру бөлігінің тек қана оң жақ шетінен (оң жақ жол жиегінен) бұрылуға жол беріледі. Бұл ретте жүргізуші бағыттас немесе қарсы келе жатқан көлік құралдарына жол береді.


56. Көлік құралдары жүрісінің траекториясы қиылысатын, ал өту кезектілігі Қағидаларда айқындалмаған жағдайларда, көлік құралы өзіне оң жақтан жақындап қалған жүргізуші жол береді.


57. Тежеу жолағы болған жағдайда, бұрылуды көздеген жүргізуші осы жолаққа уақтылы ауысады және сонда ғана жылдамдықты азайтады.

Жолға кіретін жерде жүру сызығы болған кезде жүргізуші соның бойымен жүреді және осы жолмен жүріп келе жатқан көлік құралдарына жол бере отырып, көрші жолаққа ауысады.


58. Кері бұрылуға:

1) жаяу жүргіншілердің өткелдерінде және тротуарлардың немесе жол жиектерінің сызығы бойынша жол қиылыстарында;

2) тоннельдерде;

3) көпірлерде, жолөткелдерде, эстакадаларда және олардың астында;

4) теміржол өтпелерінде;

5) жолдың жүру бөлігінің көріну мүмкіндігі бір жүз метрден кем жерлерде;

6) аялдау пункттері орналасқан жерлерде тыйым салынады.


59. Көлік құралының артқы жүріспен қозғалуына маневр қауіпсіз болған және қозғалысқа басқа да қатысушыларға кедергі жасамаған жағдайда рұқсат етіледі. Көше қиылыстарында және осы бөлімнің 58-тармағына сәйкес кері бұрылуға тыйым салынған жерлерде артқа жүруге тыйым салынады.

Предыдущая статья7. АВАРИЯЛЫҚ СИГНАЛ БЕРУ МЕН АВАРИЯЛЫҚ АЯЛДАУ БЕЛГІСІН ҚОЛДАНУ
Следующая статья9. КӨЛІК ҚҰРАЛДАРЫН ЖОЛДЫҢ ЖҮРУ БӨЛІКТЕРІНДЕ ОРНАЛАСТЫРУ